Абай облысында полицейлер қоғамдық тәртіпті бақылауды күшейтті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Абай облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында 758 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – көшелер мен қоғамдық орындарда, оның ішінде адамдар көп жиналатын жерлерде құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының профилактикасын күшейту. Іс-шара аясында полиция қызметкерлері ішкі істер органдарында есепте тұрған азаматтарды тексеру жұмыстарын жүргізді, тыйым салынған заттарды заңсыз сақтаған немесе тасымалдаған тұлғаларды анықтауға бағытталған шаралар қабылдады. Сонымен қатар "ізін суытпай" ашылатын қылмыстарды анықтау, бұрын жасалған қылмыстарды ашу, сондай-ақ құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға бағытталған өзге де кешенді профилактикалық шаралар жүзеге асырылды.
Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 30 дерек, алкогольдік ішімдік ішу және қоғамдық орындарда мас күйінде болу бойынша 110 дерек, Қазақстан Республикасының аумағында құжатсыз немесе тіркеусіз тұру бойынша 194 дерек тіркелді. Абай облысы полиция департаменті азаматтарды Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтауға, қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін бұзбауға шақырады. Құқық бұзушылықтардың алдын алу – баршаға ортақ міндет. Заң талаптарын сақтау қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізгі кепілі.