Алматы облысында Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін тираждау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама шеңберінде 2026 жылы өңірге республикалық бюджеттен 4 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы қаржыландыру көлемінің 2,5 млрд теңгесі «АзияАгроФуд» АҚ-на жүгеріні терең өңдеу жобасын іске асыруға және заманауи технологиялық жабдықтар сатып алуға бағытталды. Жобаны ағымдағы жылы іске асыру жоспарланып отыр. Бұл өндіріс көлемін арттыруға, қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта кәсіпорын тәулігіне 200 тонна жүгері өңдейді, бұл жылына 60 мың тоннадан астам өнімге тең. Жоба толық іске асқаннан кейін өндірістік қуат тәулігіне 350 тоннаға дейін ұлғайып, жылына қосымша 30–40 мың тонна жүгері өңдеуге жол ашады. Осылайша, шикізат сатып алу көлемі 70 мың тоннадан 120 мың тоннаға дейін өседі.
Жобаның өңір үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Бүгінде кәсіпорында 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс кеңейтілгеннен кейін шамамен 70 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жұмысшылардың 99 пайызы – жергілікті тұрғындар. Орташа жалақы мөлшері 300 мың теңгені құрайды.
Өңдеу қуаттарының артуы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің мүддесіне тікелей сай келеді. 2022–2023 жылдары жүгеріден мол өнім алынған кезеңде Алматы облысы мен Жетісу облысының аграршылары өнімді өткізу мүмкіндіктерінің шектеулі болуына байланысты қиындықтарға тап болған еді. Өңдеу инфрақұрылымының жеткіліксіздігі шаруа қожалықтары үшін қосымша тәуекелдер туғызды.
Осы жағдайларды және салалық тәжірибені ескере отырып, «АзияАгроФуд» АҚ өндірісті кеңейту туралы стратегиялық шешім қабылдады. Жоба терең өңдеудің тұрақты инфрақұрылымын қалыптастыруға, мол өнім жылдарында нарықтағы ауытқуларды теңестіруге және фермерлер үшін тұрақты әрі болжамды өткізу нарығын қамтамасыз етуге бағытталған.
- «Бұл – біз үшін стратегиялық шешім. Мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауы мен Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тираждау бағдарламасы аясында тартылған қаржының арқасында біз өңдеудің сапалы жаңа деңгейіне көшу мүмкіндігіне ие болдық. Өндірістік қуаттағы шектеулер жойылып, зауыт айтарлықтай үлкен көлемде жүгеріні қабылдап, өңдей алады.
Ең бастысы – бұл жобаның тиімділігі тек кәсіпорын үшін ғана емес, бүкіл өңірдің аграрлық қауымдастығы үшін сезіледі. Фермерлер нақты әрі тұрақты өткізу нарығына қол жеткізеді, ал мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде ылғал үнемдеу технологияларын енгізу, өңдеумен біртұтас жүйеде жұмыс істей бастайды. Бұл саланың орнықты даму моделін қалыптастырады», – деді «АзияАгроФуд» АҚ басқарма төрағасы Саян Әшенов.
«АзияАгроФуд» АҚ бидай мен жүгеріні өңдеу арқылы ұн, сірне және өзге де өнімдер, сондай-ақ құрама жем өндіруге маманданған. Компания құрамына тәулігіне 400 тонна бидай өңдейтін диірмен кешені, тәулігіне 200 тонна жүгері өңдейтін өндіріс және тәулігіне 600 тонна дайын өнім шығаратын құрама жем зауыты кіреді. Өндірілетін өнімнің 50 пайызы ішкі нарыққа, қалған 50 пайызы экспортқа бағытталған.
Айта кетейік, «АзияАгроФуд» АҚ 1999 жылы құрама жем зауытын жаңғырту арқылы ұн өндіретін кәсіпорын ретінде құрылған. Кейіннен компания Қазақстандағы жүгеріні терең өңдейтін алғашқы зауытқа айналды. 2006 жылы жүгері қалдықтарын толық қайта өңдеп, құрама жем өндіретін зауыт іске қосылды. Қазіргі уақытта, кәсіпорын тәулігіне 30-дан астам түрлі жем түрін өндіреді, жалпы өндіріс көлемі тәулігіне 600 тоннаға жетеді.
Зауыт басшылығының мәліметінше, бірнеше жыл бұрын шаруалардың жүгері өнімділігі артып, оны өткізе алмай қиындыққа тап болғанын көрген соң, өндірісті кезең-кезеңімен кеңейту туралы шешім қабылданған. Осы мақсатта инфрақұрылым біртіндеп жаңғыртылып, алдымен шаруалардың жағдайын жақсартуға басымдық берілген.
Қазіргі уақытта зауытта 35 мың тоннаға дейін жүгері сақтауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданында жылына 20 мың тонна және Жаркент қаласында жылына 30–35 мың тонна өнім қабылдайтын пункттер жұмыс істейді. Бұл жалпы облыс бойынша өндірілетін жүгері көлемінің 20–30 пайызын құрайды.