Орал – Озинки тасжолында мас күйде көлік басқарған шетел азаматы қамауға алынды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
30 қазанға қараған түні Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері түнгі рейд барысында Орал – Озинки автожолында жүк көліктерін тексеру кезінде Mercedes-Benz жүк көлігін тоқтатқан. Тексеру барысында полицейлер жүргізушінің сөйлеу мәнерінен алкогольдік масаңдық белгілерін байқап, одан алкоголь иісін сезген.
Медициналық куәландыру қорытындысы жүргізушінің масаң күйде болғанын растады. Ол 46 жастағы шетел азаматы болып шықты. Оның Mercedes-Benz жүк көлігіне Schmitz маркалы тіркемені тіркеп, халықаралық маңызы бар автожолда алкогольдік масаң күйде көлік басқарғаны анықталды. Құқық бұзушының көлігі арнайы тұраққа қойылды. Сот шешімімен азамат кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.