Соңғы бес жылда Қазақстанның майлы дақылдарды өңдеу кәсіпорындары ауыл шаруашылығы өндірушілерін тікелей форвардтық қаржыландыруға 200 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады. Бұл қолдау егіс алқаптарын кеңейтуге, майлы дақылдар өндірісін ұлғайтуға және отандық өңдеу кәсіпорындарын тұрақты шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшіс ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Астанада өткен KazOil 2026 халықаралық конференциясында Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының (ҰМӨҚА) стратегиялық даму жөніндегі атқарушы директоры Андрей Антонов мәлімдеді.
Қазіргі таңда Қазақстандағы майлы дақылдарды өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуаты жылына 5,4 млн тоннаны құрайды. Оның 4,6 млн тоннасы күнбағысты өңдеуге тиесілі. Ал 2026–2028 жылдары іске қосу жоспарланған жаңа өңдеу қуаттарының 3,6 млн тоннасының 3 млн тоннасы күнбағысты өңдеуге бағытталған.
2025–2028 жылдары өсімдік майын рафинадтау қуаты да екі еседен астам өсіп, 481 мың тоннадан 1 млн тоннаға дейін жетеді.
ҰМӨҚА болжамынша, 2028 жылға қарай Қазақстанда күнбағысты өңдеу қуаты жылына 7 млн тоннадан асады. Алайда елде күнбағыс өндірісінің өсуін ескергеннің өзінде, бұл қуаттардың жүктемесі шамамен 50% деңгейінде болады деп бағаланып отыр. Бұл есепке өзге майлы дақылдарды өңдеу көлемі кірмейді.
Атап айтқанда, солтүстік өңірдегі (Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстары) күнбағысты өңдеу қуаттарының жиынтық көлемі осы облыстардағы күнбағыстың болжамды жалпы өнімінен 1,4 есе жоғары болады.
«Солтүстік өңірде жаңа өңдеу кәсіпорындарының іске қосылуы шикізат үшін бәсекелестікті күшейтіп, сатып алу көлемін арттырады. Бұл, өз кезегінде, егіс алқаптарын кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді», — деді Андрей Антонов.
Шикізат тапшылығы мен өсімдік майы және күнжара экспортының логистикасында қиындықтардың болмауы Қазақстандағы сатып алу бағасының өңірдегі өзге елдермен салыстырғанда жоғары деңгейде сақталуына ықпал етуде. Зауытқа жеткізу шартымен, ҚҚС-ты қоса есептегенде, Қазақстанда күнбағыс бағасы тоннасына 170–195 мың теңгені құрайды. Украинада бұл көрсеткіш 140–155 мың теңге, ал Ресейде 115–143 мың теңге аралығында.
Андрей Антоновтың айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстандағы күнбағыс егістігінің көлемі 130%-ға ұлғайып, 2026 жылы 2,2 млн гектарға жетті. Егіс алқаптарының кеңеюіне өңдеуші кәсіпорындардың аграрлық секторды тікелей форвардтық қаржыландыруы да ықпал етті. 2022–2026 жылдары мұндай қаржыландыру көлемі 200 млрд теңгеден асты.
Бұл қаражат фермерлерге егіс науқанын өткізуге, қажетті материалдық ресурстарды сатып алуға және өндірісті кеңейтуге алдын ала қаржы алуға мүмкіндік береді. Ал өңдеуші кәсіпорындар үшін тұрақты әрі ұзақ мерзімді шикізат базасын қалыптастыруға жағдай жасайды.
ҰМӨҚА бағалауынша, Қазақстанда күнбағыс егістігін 4 млн гектарға дейін кеңейту әлеуеті бар. Бұл ретте дақылдың ауыспалы егістегі үлесі шамамен 17% болуы мүмкін. Ал тыңайтқыштарды қолдануды және күнбағыстың ауыспалы егістегі үлесін 22–25%-ға дейін арттыруды көздейтін интенсивті егіншілік моделін енгізу арқылы егіс алқаптарын 6 млн гектарға дейін жеткізуге болады.
Өндірісті ұлғайтуға экспорттық сұраныстың жоғары болуы да қосымша серпін береді. ҰМӨҚА бағалауынша, ағымдағы маусымда қазақстандық өнім бәсекеге қабілетті нарықтардағы өсімдік майы, күнжара және шрот импортының жиынтық көлемі 47 млн тоннадан асады. Қазақстанның осы нарықтардағы үлесі 5%-дан төмен. Бұл экспортты одан әрі ұлғайтуға елеулі әлеует бар екенін көрсетеді.
2025/26 маркетингтік жылы Қазақстан өсімдік майы, күнжара және шрот экспортын 37%-ға арттырып, 1,82 млн тоннаға жеткізді. Экспорттық түсім 1,23 млрд АҚШ долларын құрады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан күнбағыс майын экспорттаушы әлем елдері арасында 6-орынға шықты.
Саланы дамыту жөніндегі жол картасына сәйкес, ҰМӨҚА 2028 жылға қарай май және май өнімдерінің экспортынан түсетін валюталық түсімді 60%-ға арттырып, 1,5 млрд долларға жеткізуді көздейді. Ал ұзақ мерзімді мақсат — экспорттық түсімді 2 млрд долларға жеткізіп, Қазақстанды май және май өнімдерін экспорттаушы әлемнің жетекші үш елінің қатарына қосу.