Алматыда Санжар Боқаевқа үкім шықты. Блогер 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Іс Алматының Алмалы аудандық сотында қаралды. Сотталушылар қатарында үш адам болды:
- блогер және қоғам қайраткері Санжар Боқаев;
- оның жиені Мадияр Қалменов;
- видеограф Ұлан Нүсіпқожа.
Іс 42 миллион теңгеден аса қаражатты жымқыру, гранит плиталарды ұрлау, ағаштарды кесу және Алматыны абаттандыруға қатысты бейнероликтерді жариялаумен байланысты.
Сот Санжар Боқаевты мына баптар бойынша кінәлі деп таныды:
ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы "Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық" бойынша - сегіз жылға бас бостандығынан айырылды;
ҚР Қылмыстық кодексінің 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру" - бұл бап бойынша Боқаев ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды;
ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ұрлықты ұйымдастыру" бойынша - төрт жылға бас бостандығынан айырылды;
ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ағаштар мен бұталарды заңсыз кесуді, жоюды немесе зақымдауды ұйымдастыру" бойынша - төрт жылға бас бостандығынан айырылды;
ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігінің 1 және 3-тармақтары "Онлайн-платформаларды пайдалана отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша - үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот оған түпкілікті 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Боқаев жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сондай-ақ оған БАҚ, телекоммуникация саласында, онлайн-платформаларда қызмет етуге және сұхбат беруге тыйым салынды.
Бұған дейін прокурор оған 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.
Мадияр Қалменовті – Боқаевтың жиенін сот мына баптар бойынша кінәлі деп таныды:
- ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы "Аса ірі мөлшердегі алаяқтық" бойынша - 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды;
- ҚК 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру" - бұл бап бойынша Қалменов ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Ол түпкілікті 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Мобилограф Ұлан Нүсіпқожаны сот мына баптар бойынша кінәлі деп таныды:
- ҚК 188-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ұрлық" бойынша - 2 жыл 6 айға бас бостандығы шектелді;
- ҚК 340-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау" бойынша - 6 жылға бас бостандығы шектелді;
- ҚК 274-бабы 2-бөлігінің 1 және 3-тармақтары "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған онлайн-платформаларды пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша - 1 жыл 6 айға бас бостандығы шектелді
Сот оған түпкілікті 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ сот оған бес жыл бойы медиа және құқық қорғау қызметімен айналысуға, бұқаралық іс-шараларға қатысуға және сұхбат беруге тыйым салды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.