Елордадағы «Қазанат» ипподромында осы жылдың соңғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Онда Ақмола облысының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ақмола облысының 20 ауданынан келген шаруалар мен тауар өндірушілер елорда тұрғындарына өз өнімдерін жеткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – астаналықтарды сапалы әрі экологиялық таза әрі арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсету.
Елордаға жалпы көлемі 1000 тоннаға жуық өнім жеткізілді. *ет және шұжық өнімдері – 250 тонна;
* балық және балық өнімдері – 5 тонна;
* сүт және сүт өнімдері – 80 тонна;
* ұн – 180 тонна;
* картоп және көкөністер – 375 тонна;
* жарма өнімдері – 20 тонна;
* өсімдік майы – 25 тонна;
* жұмыртқа – 28 тонна (350 мың дана);
* өзге де ауыл шаруашылығы өнімдері – 39 тонна.
Басты сахнадағы үлкен LED-экраннан күзгі егін жинау науқанының көріністері көрсетіліп, көрермендерге арналған ерекше шоу ұсынылды.
Қонақтар үшін түрлі қызықты ұтыс ойындары ұйымдастырылып, мол дастарқан жайылды. Ашық аспан астындағы фуд-аймақтар мен арнайы шатырларда қала тұрғындарына ыстық бауырсақ пен өзге де ұлттық тағамдар ұсынылды.
Жәрмеңкеге қала тұрғындары отбасыларымен келіп, қажетті азық-түлігін сатып алды. Сонымен қатар мерекелік іс-шарадан алған әсерлерімен бөлісті.
«Біз мұнда таңертеңнен бері жүрміз. Жәрмеңкенің ауқымы таңғалдырды. Қысқа жететін ет пен көкөністі өте тиімді бағада сатып алдық. Бізге ыстық бауырсақ ұсынды, ерекше концерт тамашаладық. Көңіл күйіміз көтеріліп қалды.
Бүкіл отбасымызбен бірге нағыз мерекенің куәсі болдық!» – деді елорда тұрғыны Гүлнәр Айтбаева.