Қазақстанда балаларға арналған медициналық инфрақұрылым кеңейтіліп, сегіз заманауи перинаталды орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік медицина мамандарының жалақысы 40 пайызға дейін өсіп, ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл өзгерістер 1,8 миллион адамның табысын арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Жобаларды жүзеге асыруға бюджет қаражатымен қатар, жеке инвестициялар да тартылмақ.
«Қазақстанда жеті миллионға жуық бала бар. Бұл – халқымыздың 34 пайызы. Жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді.
Елімізде халық саны қарқынды өсуде. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту – өте маңызды міндет.
Біз ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңінде еліміз бойынша сегіз заманауи перинаталды орталық салуды жоспарлап отырмыз.
Бұдан басқа, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей, Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтереді.
Аталған жұмысқа бюджет қаражатымен қатар, жеке капиталды кеңінен тартқан жөн.
Қолға алынған мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жобаларын сәтті жүзеге асыру қажет. Мұндай серіктестік түрі әлеуметтік инфрақұрылымға салынатын жеке инвестиция көлемін ұлғайтуға көмектеседі.
Ең бастысы, тиісті рәсімдерді негізсіз созбай, шешімдерді тез қабылдау керек», - деді Тоқаев .
«Сондай-ақ біз алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту ісіне ерекше мән береміз.
Осы тұрғыдан алғанда, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, бұл жүйені қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды.
Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар біз жалақының ең төменгі мөлшерін кезең-кезеңімен көбейте береміз. Мен Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын.
Осы міндет келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуға тиіс. Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді», - деді Мемлекет басшысы.