Қарағандыда полиция қызметкерлері желілік жабдықтарды бірнеше рет ұрлады деген күдікпен 26 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Күдікті жоспарлы техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жүргізіп жүрген маманның кейпіне еніп, қылмыс жасаған, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқандай көрініп, тұрғындардың сеніміне кірген. Қала көшелерінің бірінде қозғалыс датчигі бар бейнебақылау камерасы коммуникациялық желілермен жұмыс істеп жүрген ер адамды түсіріп алған. Үй тұрғындары оны провайдер қызметкері, желіні жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жүрген маман деп ойлаған. Алайда ол кеткеннен кейін үйлерде интернет пен байланыс үзіліп қалған. Осындай жағдай тағы екі рет қайталанған.
Күдік туындаған соң тұрғындар апаттық қызмет бригадасын шақырған. Оқиға орнына келген мамандар ақаудың себебін тез анықтады: белгісіз адам желілік кабельді кесіп алып, өзімен бірге алып кеткен. Күдікті жалпы ұзындығы 120 метрден астам кабельді қолды қылған.
Зардап шеккен телекоммуникациялық компания өкілдері полицияға арызданған. Келтірілген жалпы материалдық шығын 1,2 миллион теңгеден асты.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қарағанды қалалық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оның жүрген жерін тапты. Белгілі болғандай, 26 жастағы тұрғын ұрланған мүлікті жақын маңдағы металл қабылдау пунктіне өткізіп үлгерген.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматқа қатысты қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері оның Қарағанды облысының аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.