Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Германияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хайке Пайчпен кездесіп, оны дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтады. Тараптар өнеркәсіптік кооперацияны, инвестиция тартуды және бірлескен жобаларды дамытуды қосқанда, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективасын талқылады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Германия Қазақстанның Еуропадағы негізгі экономикалық әріптесінің бірі болып қала береді. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы $4,5 млрд болып, 13,4%-ға өсті. 2005 жылдан бері неміс инвестициясының жиынтық ағыны $8 млрд-қа жетті. Қазақстанда неміс капиталы бар 1100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұлардың ішінде Knauf, CLAAS, HORSCH және Heidelberg Materials бар.
Одан арғы ынтымақтастық қазіргі өндірістерді кеңейтуді, жергіліктендіруді арттыруды және қазақстандық жеткізушілерді тартуды көздейді. Маңызды міндет – қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту және қазақстандық өндірушілердің Германия нарығындағы позициясын нығайту. Бұл жұмыстың негізі – 2026-2028 жылдарға арналған Жол картасы.
Тараптар Орталық Азияның өңірлік байланыстар мен халықаралық сауданы дамытудағы рөліне ерекше назар аударды. Хайке Пайч Германия мен Еуропа елдерінің сауда маршруттарын кеңейтуге және жаңа нарыққа шығуға жол ашатын аймақтағы ынтымақтастықты нығайтуға деген мүдделілігін білдірді.
Серік Жұманғарин Орталық Азияның болашағы оңтүстік бағыттағы көлік қатынасының дамуымен байланысты екенін атап өтті. Қазақстан бағыттарды әртараптандыруға және аймақтағы елдермен байланысты нығайтуға мүдделі. Атап айтқанда, Ауғанстан арқылы Пәкістан бағытында теміржол салу жобасы қарастырылуда. Қазақстан, Өзбекстан және БАӘ осы жоба бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Хайке Пайчтың айтуынша, мұндай бағыттардың дамуы тек Орталық Азия елдері үшін ғана емес, Германия үшін де қызығушылық тудырады. Аймақ Еуропа мен Азия нарықтары арасындағы маңызды байланыс бола алады. Әңгіме тек теміржол қатынасы туралы ғана емес, сонымен қатар сауда мен экономикалық өзара іс-қимыл мүмкіндігін кеңейтетін цифрлық коммуникацияларды, газ құбырлары мен мұнай құбырларын дамыту туралы.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселесі бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға және Қазақстан – Германия қатынасының өзекті бағыттары бойынша тұрақты диалогті қолдауға келісті.