Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында ел намысын қорғаған елордалық паражүзуші Әли Тұрғанбеков 100 метрге брасс әдісімен жүзуден күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Финалдық сайыста Әли Тұрғанбек 1 минут 44,26 секунд нәтиже көрсетіп, екінші орынға ие болды. Осылайша, ол Қазақстан құрамасының жүлде қорын тағы бір күміс медальмен толықтырды.
Жарыста Малайзия өкілі Мұхаммад Нұр Шафик бин Зулкафли 1 минут 41,44 секунд нәтижемен жеңіске жетіп, Азия Пара ойындарының жаңа рекордын орнатты. Ал 1 минут 57,25 секунд көрсеткішпен мәреге жеткен Үндістан спортшысы қола жүлдені иеленді.
Осылайша, Әли Тұрғанбеков V Азия Пара ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері атанды.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан құрамасы паражүзуден 4×50 метрге кешенді жүзу бойынша аралас эстафетада күміс медаль жеңіп алған болатын. Ұлттық құрама сапында елордалық спортшылар Әли Тұрғанбеков пен Сиязбек Далиев, сондай-ақ Наталья Звягинцева мен Зүлфия Ғабидуллина өнер көрсетті.