Батыс Қазақстан облысындағы Қазталов ауданы, Көктерек ауылдық округіне қарасты Саралжын елді мекенінде шағын футбол алаңы ашылды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында бой көтерген шағын футбол алаңы аудан бойынша пайдаланылуға берілген 27-ші спорттық нысан болып табылады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Аталмыш алаңның ашылу мақсаты балалардың бос уақытын тиімді пайдалануды жүзеге асыру, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануына ықпал ету және бұқаралық спортты дамыту болып табылады. Алаңның ашылу салтанатына аудан әкімі Альберт Есалиев, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Дариға Мұштанова, «Орал құрылыс» ЖШС басшысы Бауыржан Ишанғалиев қатысты. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында салынған нысанның құрылыс жұмыстарын «Орал құрылыс» ЖШС жүргізді. Спорттық алаңның құрылыс жұмыстарына ауыл азаматтары да қолдау көрсеткен.
«Бұл игі іс тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Егемендік алғалы еліміз талай қиын кезеңді еңсеріп, отыз жылда әлем мойындаған мемлекетке айналды. Соның бір көрінісі заманауи, әлеуметтік, спорттық, мәдени нысандардың бой көтеруі. Саралжын ауылындағы шағын футбол алаңы да тәуелсіздігіміздің жемісі. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына ауданымызда 30 алаң қолданысқа беру жоспарда болса, бүгін 27-ші футбол алаңы пайдалануға беріліп отыр» - деді аудан басшысы.
Ауыл халқын атаулы күнмен құттықтап, жылы лебізін білдірген аудан әкімі Альберт Темірболатұлы мердігер «Орал құрылыс» ЖШС басшысы Бауыржан Мақсотұлына ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыстаса, жерлесіміз Дариға Ғазезқызына ауданның жеті кереметі бейнеленген естелік сыйлық тарту етті. Дариға Мұштанова да сөз алып, аталмыш нысанның құрылысына қол ұшын созған тұрғындарға және игі бастамаға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.
«Бүгін жүректі тербеп, көңілді толқытқан қуанышты күн. «Ақ түйенің қарны жарылып», оң талапты ауылда шағын футбол алаңы пайдалануға беріліп отыр. Осындай қуанышты сәт сыйлап, ауыл спортының дамуына қолдау көрсеткен ауылымыздың атқамінерлеріне алғысым шексіз. Бұл игі жақсылықтардың басы болып, ауыл халқының көңіл-күйі көтеріліп қалды. Көңіл-күй дегеніміз – рух. Ауылымыздың рухы көтерілді. Саралжын – құт қонып, кие дарыған мекен. Топырағын түртсе тарихы көрінетін ауылдан біртуар азаматтар өсіп шықты. Олардың қатарынан ҰОС ардагерлерін атап өтуге болады. Суы – зәмзәм, ауасы – шәрбат, Еламан-Қонай екі көл – батырлар мекені. Тарихтан сыр шертер ауылдың түтінін өшірмей отырған ауылдастарыма да ризамын. Футбол алаңының салынуына себепші болған балаларым, «Тойлай білген қазаққа, ойлай да білу қажетті», деп Қадыр Мырза Әлі ағамыз айтып өткеніндей, білімге ден қойып, салауатты өмір салтын ұстанып, еліміздің бір кірпіші болып қаланғайсыздар» - деп өз жүрекжарды тілегін жеткізді.
Алаңның ашылу салтанатында «Орал құрылыс» ЖШС басшысы Бауыржан Мақсотұлы да сөз алып, ауылға алаңның сәнін келтірер ала доптарды сыйға тартты. Аталмыш мерекелік шарада мәдениет майталмандары әсем ән шырқап, ауыл халқының қуанышын еселеді. Алаңда ауыл бүлдіршіндері алғашқы жолдастық кездесу өткізді.