Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Ақсай қаласының туған күніне орай «Ақсайым арқау жырыма» облыстық ақындар айтысы оздырылды. Бабалардан қалған асыл өнерді насихаттап жүрген облысымыздың суырып салма ақындары жүлделерді өзара сарапқа салды. Облыс және республика көлемінде өнер көрсетіп жүрген 14 ақын аталмыш додаға қатысып, көрермен ықыласына бөленді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Қала күніне орай өткізіліп, қала тұрғындарына бабадан қалған бекзат өнерді насихаттауды мақсат еткен дүбірлі айтыста ұстаз, Жұбантанушы -Үзілдік Елеубайқызы, ақын, ұстаз, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері - Дариға Мұштанова, ақын, журналист, Бөрлі аудандық «Бөрлі жаршысы» қоғамдық -саяси газетінің бас редакторы- Дариға Нұрашова, айтыстың төрағасы, айтыскер ақын, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының БҚО филиалының төрағасы, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі – Бауыржан Халиолла қазылық етіп, ақындарға әділ бағасын берді. Жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері, Батыс Қазақстан облыстық “Орал өңірі” қоғамдық- саяси газетінің бас редакторы - Бауыржан Ғұбайдуллин аталмыш ақындар сайысынынң тізгінін ұстады.
Тартысты доданың нәтижесі бойынша Бөрлі ауданының айтыскер ақыны Жарқынбек Шынтаев басқа ақындардан баса озып, бас жүлдені қанжығалады. Жүлделі 1 орын Ақжайық ауданынан келген Бекболат Қаленовқа бұйырды. 2 орынды Қаратөбелік Райымбек Өтепов еншілесе, 3 орынды Жаңақала ауданының ақыны Орынбек Меңдіқұлов қанжығасына байлады.
Айтыс сүйер қауымды желпіндіріп, көңілінен шыға білген айтыскер ақындар арнайы номинациялармен марапатталды. Солардың бірі халық сүйіктісіне айналған Бөкей Ордалық Жансая Мусина Бөрлі ауданының әкімі атындағы арнайы жүлдеге ие болды. Ал Ақжайық ауданының айтыскер ақыны Санат Муханбетжанов "Марабай жырау" атындағы арнайы жүлдені иеленді. Сонымен қатар Сырым ауданынан келген Бауыржан Ширмединұлы, Бөкей Орда ауданынан Талғат Мықи, Ақжайық ауданының ақыны Айнабек Бейсенғалиев, Жәнібектік Мұрадым Мирланов, Казталов ауданынан келген Естеміс Мұқанбетов, Сырым ауданының ақыны Мақсат Тұяқ, Теректі ауданынан Әділ Ахметов, Жаңақала ауданынан келген Данияр Нысанғалиев сынды айтыскер ақындар дүбірлі додаға белсене қатысып, Ақсай қаласы атынан арнайы естелік сыйлықтармен маратталып, алғыс хатқа ие болды.