Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен «Urumqi Airlines» әуе компаниясының вице-президенті Чжан Лян мырзаның кездесуі өтті. Кездесу барысында Қытай тарапы Үрімші – Қарағанды, Құлжа (Инин) – Астана және Құлжа (Инин) – Алматы бағыттары бойынша жаңа тұрақты рейстер ашу жоспарлары туралы мәлім етті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Өз кезегінде қазақстандық тарап Өскемен және Семей қалаларына, сондай-ақ алдағы уақытта Зайсан мен Катонқарағайдағы жаңа өңірлік әуежайларға рейстер ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл бастама туризмді дамытуға, көлік қолжетімділігін арттыруға және Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
«Urumqi Airlines» әуе компаниясы Қытайда өндірілген COMAC C909 әуе кемелерін пайдаланады. Осыған байланысты тараптар Қазақстанда COMAC әуе кемелерін қолдана отырып, өңірлік тасымалдарды жүзеге асыратын бірлескен өңірлік әуе компаниясын құру жөніндегі бірлескен жобаны іске асыру мүмкіндігін талқылады. Аталған әуе компаниясы Зайсан, Катонқарағай және туристік әлеуеті жоғары басқа да қалаларға рейстер орындауға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өзара мүдделі екендіктерін растады.
Анықтама:
Urumqi Airlines – 2014 жылы құрылған, штаб-пәтері Үрімші қаласында орналасқан Қытайдың әуе компаниясы. Компания HNA Aviation тобының құрамына кіреді.
Әуе компаниясының паркінде 20 әуе кемесі бар (Boeing 737-800 және COMAC C909). Сонымен қатар тағы 40 COMAC C909 әуе кемесін жеткізуге тапсырыс берілген.
Компанияның бағыттық желісі Қытайдың батыс және орталық өңірлерін қамтитын 46 ішкі бағыттан тұрады.