Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Commercial Aircraft Corporation of China (COMAC) корпорациясының президенті Шэнь Бо мырзамен кездесті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында COMAC басшысы корпорацияның қызметі, негізгі даму бағыттары және Қытайда өндірілген авиациялық техниканы халықаралық нарыққа ілгерілету перспективалары туралы ақпаратпен бөлісті.
Ол сондай-ақ қазіргі уақытта COMAC әуе кемелерінің Лаос, Индонезия және Вьетнам елдерінде пайдаланылып жатқанын хабарлады. Сонымен қатар, әуе кемелерін сертификаттау және оларды бірқатар шет мемлекеттерде пайдалануға енгізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аталған елдердің қатарында Бруней, Камбоджа, Моңғолия және Конго бар.
Анықтама:
C909 – 90 жолаушыға дейін тасымалдайтын, ұшу қашықтығы 3 700 шақырымға дейінгі өңірлік реактивті ұшақ;
C919 – 192 жолаушыға дейін тасымалдайтын, ұшу қашықтығы 5 555 шақырымға дейінгі тар фюзеляжды орта магистральды ұшақ;
Сонымен қатар корпорация C929 кең фюзеляжды алыс магистральды жолаушылар ұшағын әзірлеу бағдарламасын жүзеге асыруда.
Тараптар Қазақстан мен COMAC арасындағы ынтымақтастықты, оның ішінде маршруттық желіні дамыту, әуе кемелерін пайдалану саласындағы өзара іс-қимыл және заманауи авиациялық технологияларды ілгерілету мәселелерін талқылады.
Шэнь Бо Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе рейстерінің санын арттыру, жаңа бағыттарды ашу және өңіраралық әуе қатынасын дамыту екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады және азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.