Астанада 11-19 шілде аралығында жүргізушілердің жолдағы тәртібін күшейтуге, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және апаттық жағдай деңгейін төмендетуге бағытталған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оның барысында атқарылған шаралар туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Уваев айтып берді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, тоғыз күн бойы полиция қызметкерлері күшейтілген рейдтік іс-шаралар жүргізіп, Жол жүрісі қағидаларының ең қауіпті бұзушылықтарына ерекше назар аударды. Мас күйінде көлік құралын басқару, басып озу, маневр жасау, жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту қағидаларын бұзу, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын сақтамау, сондай-ақ қауіпсіздік белдіктері мен балаларды ұстап тұратын арнайы құрылғыларды пайдалану талаптарын сақтау ерекше бақылауда болды.«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы бойынша елордада Жол жүрісі қағидаларын бұзудың 4600-ден астам дерегі анықталды. Ең көп таралған құқық бұзушылықтар жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу, сондай-ақ қауіпсіздік белдіктерін пайдаланбау болды – осындай 1699 дерек тіркелді.
Жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері әкімшілік айыппұлдарды төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерді анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізді. Нәтижесінде 190 көлік құралы мамандандырылған айып тұрағына қойылып, сондай-ақ 581 мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі алынды», – дейді Нұрлан Уваев.
Спикердің айтуынша, қадағалау қызметімен қатар халық арасында профилактикалық жұмыстарға да айтарлықтай назар аударылды. Жол қозғалысына қатысушылар үшін жолдардағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін арттыруға бағытталған жадынамалар мен ақпараттық буклеттер таратылып, түсіндіру акциялары өткізілді.
Жол жүрісі қағидаларын сақтау туралы бейнероликтерді қоса алғанда, 151 ақпараттық-түсіндіру материалы қосымша дайындалып, жарияланды. Әлеуметтік материалдар қоғамдық көліктерде, тұрғын үй кешендерінің лифтілерінде, сондай-ақ елорданың ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында көрсетілуде.
Полиция Жол жүрісі қағидаларын сақтау жол қозғалысына қатысушылардың барлығының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты болып қала беретінін атап өтті. Профилактикалық және бақылау іс-шараларының кешені апаттық жағдай деңгейін одан әрі төмендету және жолдардағы қауіпсіз мінез-құлықтың жоғары мәдениетін қалыптастыру мақсатында жүйелі негізде жалғасатын болады.