Елордалық полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында қала тұрғынының жол белгісіне шығып, оның жанында би билеп, әлеуметтік желіге арнап бейнеролик түсіргені бейнеленген видеоны анықтады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Осы арқылы бойжеткен жол белгісін бүлдіруге шақ қалып, қалалық инфрақұрылым нысандарына және қоғамдық тәртіпке немқұрайлы қараған.
Құқық бұзушының жеке басы анықталды. Ол – елорданың 23 жастағы тұрғыны. Бойжеткен ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды.
Полиция танымал болуға, лайк пен қаралым жинауға ұмтылу заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайтынын еске салады. Әсерлі контент жасау мақсатында кейбір азаматтар қоғамдық тәртіпті бұзып, қалалық мүлікке зиян келтіреді әрі өзгелерге құрметсіздік танытады.
Мұндай құқық бұзушылықтардың барлығы анықталып, заң аясында тиісті құқықтық баға беріледі. Полиция тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қарауға және кез келген заңға қайшы әрекет заңда белгіленген жауапкершілікке әкелетінін ұмытпауға шақырады.