19 маусым күні Ақтау қаласында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, өңірдің денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Мерекелік жиынға медицина саласының ардагерлері, дәрігерлер, мейіргерлер, фельдшерлер, санитариялық қызмет мамандары және денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері қатысты.
Облыс әкімі өз сөзінде адам өмірі мен денсаулығын қорғау жолында еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлерінің қоғамдағы рөлі ерекше екенін атап өтті.
– Дәрігер мамандығы – үлкен жауапкершілікті, терең білім мен жанашырлықты талап ететін қасиетті мамандық. Сіздер қай кезде де халықтың жанынан табылып, адам өмірі үшін күресіп келесіздер. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде медициналық көмектің сапасын арттыру, жаңа медициналық нысандар салу, ауруханаларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және мамандарды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Әрбір құтқарылған өмір мен сауығып кеткен науқас – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Салтанатты шара барысында денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен халық денсаулығын қорғаудағы көпжылдық еңбегі үшін бірқатар мамандар мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Тұщықұдық ауруханасының ардагері Сайын Керелбаев «Парасат» орденімен, сала ардагері Гүлжан Ізмағанбетова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ медицина саласының ардагерлері Әдемі Нәубетова мен Алтын Абдрахмановаға «Еңбек ардагері» медалі табысталды.
Мерекелік жиында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, «Құрмет» грамотасы мен Алғыс хаттары, сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Бұдан бөлек ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған республикалық конкурс қорытындысы бойынша өңірдің үздік медициналық ұйымдары мен үздік мамандары анықталып, арнайы марапаттарға ие болды.
Сонымен қатар медицина саласының ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, үздік дәрігерлер мен медициналық ұйымдар арнайы номинациялар бойынша марапатталды. «Жылдың таңдаулы дәрігері» атағы Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары Сағат Бітімовке берілді.
Іс-шара аясында «Дәрігер парызы» деректі фильмі көрсетіліп, өңір медицинасының жетістіктері туралы бейнеролик ұсынылды. Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, медицина қызметкерлеріне арналған мерекелік тартуға ұласты.