Қонаев қаласының Мәдениет үйінде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты шара өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Шарада облыс әкімі сөз алып, ақ халатты абзал жандарды мерекемен құттықтады.«Сіздерді медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Кез келген мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі – ел азаматтарының денсаулығын сақтау, әл-ауқатын арттыру. Адамның ең басты байлығы – денсаулық! Аймақтағы медициналық мекемелерде 3 мыңға жуық дәрігер мен 9 мыңнан аса орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді, білімі мен тәжірибесін халықтың денсаулығын қорғауға бағыттаған баршаңызға зор ризашылығымызды білдіреміз», – деді облыс әкімі.
«Жылдан жылға осы салаға бөлінетін қаржы көлемі де артып келеді. Биылғы жылы бұл көрсеткіш 9,6 млрд. теңгеден асты. Денсаулық сақтау ұйымдарын қажетті мамандармен қамтуға да зор көңіл бөлінеді. Облыстың медициналық мекемелеріне 2022-2023 жылдар аралығында 96 дәрігер маман жұмысқа қабылданды. Антына адалдық танытып, күн сайын ерлікке тең іс атқарып жүрген сіздердің әрқайсыларыңыз құрметке лайықсыздар», – деді Марат Сұлтанғазиев.