"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында Павлодар облысы Ақсу қаласында заңсыз қоқыс үйіндісін ұйымдастыру дерегі анықталды, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары КамАЗ жүк көлігімен қала аумағында құрылыс қалдықтарын тасымалдап, арнайы белгіленбеген жерге төккен азаматты анықтады. Оның әрекеті нәтижесінде стихиялық қоқыс үйіндісі пайда болған.
Мамандардың айтуынша, қалдықтарды рұқсатсыз орналастыру қоршаған ортаға елеулі зиян келтіріп, елді мекендердің санитарлық жағдайын нашарлатады және экологиялық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Экологиялық заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Оның ішінде айыппұл салу және келтірілген залалды өтеу шаралары бар. "Таза Қазақстан" акциясының негізгі мақсаты – халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың қоршаған ортаның жай-күйіне деген жауапкершілігін арттыру және елді мекендердегі тазалықты сақтау. Акция аясында аумақтарды абаттандыру, заңсыз қоқыс үйінділерін жою және экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.