Шымкентте заңсыз қоқыс үйіндісінің жолы кесілді, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Шымкент қаласында "Таза Қазақстан" профилактикалық іс-шарасы нақты нәтижелерін көрсетуде. Полиция қызметкерлері ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалып келген заңсыз қоқыс үйіндісін анықтап, оның жолын кесті. Тексеру барысында рұқсат етілмеген аумаққа қалдықтарды төгіп келген 6 жүк көлігінің қатысы бары белгілі болды. Аталған аумақта қоқыс жүйелі түрде шығарылғаны анықталып, бұл өз кезегінде экологиялық және санитарлық талаптардың өрескел бұзылуына әкелген. Құқық бұзушылыққа жол берген тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Жалпы, "Таза Қазақстан" іс-шарасы аясында қала көлемінде 1355 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркелді. Олардың қатарында абаттандыру қағидаларын бұзу, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау, жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау талаптарын сақтамау, белгіленбеген орындарда сауда жасау, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу және бүлдіру, сондай-ақ жолдар мен жол инфрақұрылымына зиян келтіру фактілері бар. Полицейлер аталған іс-шара аясындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын атап өтті. Қоғамдық тәртіп пен тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы бақылау күшейтіліп, мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу шаралары жүйелі түрде жүргізілетін болады.