ІІМ елімізде кімдер қылмыстық және әкімшілік амнистияға ілігуі мүмкін екенін түсіндірді, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты Мемлекет басшысы қылмыстық және әкімшілік амнистия жүргізуді бастама етті. Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа кезеңі әділеттілік, гуманизм және адамның қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарын бекітіп, бұл елдің құқықтық жүйесін одан әрі жаңғыртудың маңызды негізі болды. Амнистия қылмысқа жұмсақтық таныту емес, мемлекеттік саясаттың гуманистік және жасампаздық бағытын көрсететін ерекше құқықтық акт. Оның негізгі мақсаты – құқық бұзушылық жасаған, бірақ қоғамға айтарлықтай қауіп төндірмейтін адамдардың әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау.
Мемлекет мұндай азаматтардың қоғамдық, еңбек және экономикалық өмірге толыққанды оралуына кедергі келтіретін құқықтық және қаржылық кедергілерді азайтуды көздейді. Президенттің осы тапсырмасын іске асыру үшін Мәжіліс депутаттары жекелеген санаттағы құқық бұзушылықтар бойынша амнистия туралы заң жобасын әзірледі. ІІМ басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, құжат жобасын талқылау жөніндегі жұмыс топтарына белсенді қатысуда. Амнистия қылмыстық та, әкімшілік те құқық бұзушылықтарға қатысты. Айта кету керек, тәуелсіз Қазақстан тарихында әкімшілік амнистия алғаш рет өткізілгелі отыр. ІІМ желісі бойынша қылмыстық амнистия қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарға қолданылады. Сондай-ақ ол ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған, залал келтірілмеген немесе толық өтелген жағдайда қолданылуы мүмкін. Адамдардың жекелеген санаттары үшін қылмыстың ауырлығына және сотталғанның тәртібіне байланысты жаза мерзімін қысқарту көзделген.
Өз кезегінде кең ауқымды әкімшілік амнистия 15 мемлекеттік органның құзыретіне жататын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 263 бабын қамтиды. Әкімшілік амнистия аясында азаматтарды, жеке кәсіпкерлерді, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын адамдарды (нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушыларды) 2026 жылғы 17 наурыз сағат 24:00-ге дейін жасалған құқық бұзушылықтар үшін орындалмаған әкімшілік айыппұлдардан босату көзделеді. Бұл шара халық пен кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық жүктемесін азайтуға, сондай-ақ олардың одан әрі экономикалық белсенділігін ынталандыруға бағытталған. Тек ІІМ желісі бойынша бұл шара 17 млрд теңгеден астам сомаға шамамен 1 млн әкімшілік айыппұлды қамтиды.
Ұсынылып отырған заң жобасы гуманизм қағидаттарын және заң мен тәртіп идеологиясын ұштастыра отырып, мемлекеттік саясаттың жүйелілігін көрсетеді. Қазіргі уақытта құжат ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында.