Астанада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммит алаңында елорда павильоны таныстырылды. Іс-шараға Орталық Азия елдері қатысып, өңірдегі климаттық және экологиялық мәселелер бойынша бірлескен, практикалық шешімдер талқыланып жатыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Астана павильонында қалада іске асырылуы жоспарланған жобалар ұсынылды. Олардың қатарында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату және ауа сапасын цифрлық мониторингтеу бастамалары бар.
Негізгі жобалардың бірі – «Астана энергиясы» қоқыс жағу зауыты. Бұл нысан елордадағы қалдықтарды басқару жүйесін түбегейлі өзгертуге бағытталған. Қалалық қоршаған ортаны қорғау басқармасының өкілі Сағыныш Сағынтаевтың айтуынша, жоба полигондарға қалдық көмуді айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.
Оның дерегінше, Астанада тәулігіне шамамен 1500 тонна, жылына 400 мың тоннаға дейін қоқыс жиналады. Жаңа зауыт осы көлемді өңдеп, электр энергиясын өндіруге және полигондарға түсетін жүктемені азайтуға жол ашады. Құрылыс шамамен үш жылға созылып, оны іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Жоба жүзеге асса, бұл Орталық Азиядағы осындай алғашқы нысан болмақ.
Павильондағы тағы бір маңызды бағыт – экологияны цифрландыру. Мұнда ауа сапасын бақылайтын смарт-датчиктер жүйесі таныстырылды. Бұл құрылғылар ластану деңгейін анықтап қана қоймай, оның қайдан шыққанын – көлік немесе жеке сектор екенін айқындауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда қалада бірнеше датчик сынақ режимінде орнатылған. Болашақта оларды жол қозғалысын басқару жүйесімен біріктіру жоспарланып отыр. Бұл бағдаршамдардың көлік ағынына бейімделуіне мүмкіндік беріп, кептелістер мен зиянды шығарындыларды азайтуға ықпал етеді. Жалпы, Астана павильоны экологиялық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты жобаларды – инфрақұрылымдық бастамалардан бастап цифрлық технологияларға дейін кеңінен таныстырды.