«Астана – есірткісіз қала» жалпы қалалық науқаны және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елорданың Есіл ауданында есірткі жарнамасына арналған қарсы кезекті акция өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара Әл-Фараби даңғылы, 30/4 мекенжайында ұйымдастырылды. Оған аудан әкімдігінің өкілдері, Полиция басқармасының қызметкерлері, «Астана жастары» КММ Жастар ресурстық орталығының еріктілері және қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары қатысты.
Наркограффитиді анықтау және жою жұмысы тек акциялар аясында ғана емес, сонымен қатар учаскелік инспекторлар тарапынан күнделікті жүргізіледі.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай жазбалар ақпараттық сипатқа ие және есірткінің заңсыз айналымына байланысты сілтемелер мен байланыс деректерін тарату үшін қолданылады. Көбіне олар адам көп жиналатын орындарда немесе бейнебақылау жоқ аумақтарда – көзге түсе бермейтін тұстардағы қабырғаларда, аулалар мен көше соңында пайда салынады.
«Жыл сайын мұндай граффитилер саны азайып келеді. Бұл оларды бояп өшіру және есірткі жарнамасының таралуын тоқтату бойынша жұмыстың күшеюімен байланысты», – деп атап өтті Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жандос Сейтенов.
Қала тұрғындарына күмәнді жазбаларды байқаған жағдайда 102 нөміріне хабарлау қажеттігі ескертіледі. Ақпарат учаскелік инспекторларға жолданып, содан кейін граффити тіркеліп, боялып жабылады, ал ондағы сілтемелер кейін бұғаттау үшін кибербақылауға жіберіледі.
Полицияның мәліметінше, бейхабар адамға есірткі жарнамасын тану оңай емес, көбіне бұл мағынасы түсініксіз символдар, латын әріптері мен сандардың жиынтығы болады. Алайда дәл осындай жазбалар қауіпті контентті жасыруы мүмкін, сондықтан оларды елемеуге болмайды.
Есіл ауданы әкімінің аппараты маманы Әлнияз Тоққожиновтың айтуынша, жыл басынан бері жеті рейдтік іс-шара өткізілген. Соңғы рейдтердің бірінің өзінде бірнеше наркограффити анықталып, бірден жойылған.
«Салыстырар болсақ, өткен жылы ауданда 15 рейд өткізіліп, олардың барысында шамамен 20 локация анықталып, 40-тан астам наркограффити жойылды», – деді спикер.
«Бұған бейнебақылау жүйесінің дамуы да айтарлықтай әсер етуде. Егер бұрын ауданда ондаған камера ғана болса, бүгінде олардың саны бірнеше мыңға жетті. Заманауи құрылғылар интеллектуалды талдау элементтерімен жабдықталған, бұл заңсыз жазбаларды салу әрекеттерін айтарлықтай қиындатып, жауапкершілікке тарту қаупін арттырады. Сонымен қатар интернет кеңістігіне мониторинг жүргізіледі. Есірткі таратумен байланысты арналар немесе аккаунттар анықталған жағдайда, ақпарат құқық қорғау органдарына жолданады. Одан кейін профильдік бөлімшелер қосылып, деректер тіркеледі және материалдар қылмыстық іс қозғау үшін жолданады», – деді аудан әкімдігінің өкілі.