Астана қаласында Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейде 10 «Д» сынып оқушылары үшін құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шара өтті. Жиын «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, оқушылардың құқықтық мәдениетін дамытуға, заң талаптарын құрметтеу дағдыларын қалыптастыруға және жауапкершілік деңгейін арттыруға бағытталды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Кездесу барысында оқушыларға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік мәселелері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, қазіргі қоғамда өзекті болып отырған буллинг пен кибербуллинг тақырыбы көтеріліп, оның құқықтық және психологиялық салдары туралы нақты мысалдар келтірілді. Мамандар жасөспірімдерге мұндай жағдайлардың алдын алу жолдарын айтып, құқық бұзушылықтың салдары әрбір азамат үшін маңызды жауапкершілік жүктейтінін жеткізді.
Сынып сағаты аясында «Мәдениет – біздің күнделікті өміріміз» және «Қоғамдық мүлікті қорғау» тақырыптары қамтылды. Оқушыларға қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау және азаматтық жауапкершілікті сезіну қажеттігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.Сондай-ақ онлайн ойындардың қауіптілігі мен интернетке тәуелділік мәселесіне ерекше назар аударылды.
Жасөспірімдерге интернет кеңістігін қауіпсіз пайдалану, уақытты тиімді жоспарлау және цифрлық тәуелділіктің алдын алу жолдары туралы ұсыныстар берілді. Іс-шараға қатысқан мамандар мұндай кездесулердің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, олар құқықтық түсіндіру жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуі жасөспірімдердің саналы көзқарасын қалыптастырып, құқық бұзушылықтың алдын алуда тиімді құрал екенін атап өтті.


Оқушылар құқықтық білімдерін кеңейтіп, интернет кеңістігін қауіпсіз пайдалану, жеке жауапкершілікті түсіну және буллингтің алдын алу бойынша айтылған мәліметтердің пайдалы болғанын жеткізді.
«Буллингтің тек моральдық емес, заңдық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін екенін түсіндік. Осындай түсіндіру жұмыстары жиі ұйымдастырылса, оқушылар өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарай бастайды деп ойлаймын», – деп атап өтті 10-сынып оқушысы.
Жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – негізгі басым бағыттардың бірі. Бұл бағытта буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқыққа қарсы әрекеттерге тартылуын болдырмауға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Осыған байланысты мектеп инспекторлары тәуекел тобына жататын оқушылармен тұрақты профилактикалық жұмыс жүргізеді.
Іс-шара оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, өз құқықтары мен міндеттерін терең түсінуіне ықпал етті. Кездесу барысында берілген ақпарат жасөспірімдердің заң талаптарына саналы көзқарасын қалыптастырып, интернетті қауіпсіз пайдалануға және жеке жауапкершілікті күшейтуге негіз болды. Мұндай құқықтық-ағартушылық іс-шаралар өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді. Алдағы уақытта да осындай кездесулер тұрақты түрде жалғасын табады.

