Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен ҚАЖД №64 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар арасында есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында телекөпір ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, есірткінің заңсыз айналымына қарсы берік көзқарас қалыптастыру және құқықбұзушылықтың алдын алу. Телекөпір барысында қатысушылар есірткі қылмыстарының ауыр салдарын талқылап, сотталғандардың өмірлік тәжірибелерімен танысты. Сонымен қатар, студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Кездесу барысында мамандар қолданыстағы заңнама, есірткіге қатысты қылмыстар үшін қарастырылған жауапкершілік және алдын алу шаралары жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Астана қаласының прокуроры Нұртас Дүйсенбаев өз сөзінде заң мен тәртіптің қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды.
Спикердің айтуынша, бұл мәселе бүгінгі күні өзекті күйінде қалып отыр. Мәселен, кәмелетке толмағандар арасында есірткі тарату фактілері де тіркелуде. Соңғы деректерге сәйкес, елордада осы бағытта 19 қылмыстық іс қозғалған. Жақында ғана 10-сынып оқушысынан 32 орама марихуана табылған. Ал республика бойынша 2025 жылы есірткі қылмыстары бойынша 54 дерек тіркелген. Кездесу барысында құқық қорғау органдарының өкілдері нашақорлықтың тек есірткімен ғана шектелмейтінін атап өтті. Астана қаласы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Жандос Сейтеновтің айтуынша:

Іс-шара барысында сотталғандардың бірі өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарға ой салатын маңызды әңгіме айтты. Оның сөзінше, ол есірткі тасымалдаушысы ретінде жұмысқа тартылып, уақыт өте келе бұл әрекеттің қаншалықты қауіпті екенін түсінген.

Мамандардың айтуынша, заңнамада есірткі таратқаны үшін жауапкершілік айтарлықтай күшейтілген. Егер бұрын мұндай қылмыс үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылса, қазір бұл мерзім 15 жылдан 20 жылға дейін ұлғайтылған, сондай-ақ мүлкі тәркіленеді. Кездесу соңында ұйымдастырушылар мұндай профилактикалық іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті. Олардың пікірінше, осындай ашық диалог алаңдары жастардың санасына әсер етіп, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді. Сонымен қатар, мамандар жастарға кез келген күмәнді ұсыныстардан сақ болуға, «жеңіл табыс» туралы жарнамаларға сын көзбен қарауға және өз болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Өйткені әрбір дұрыс таңдау – қауіпсіз әрі табысты өмірдің кепілі.Осы бағыттағы жұмыстар аясында есірткі таратылатын интернет-ресурстарды анықтауға ерекше назар аударылуда. Интернет кеңістігі тұрақты түрде мониторингтен өтеді.

Жүргізілген жұмыс нәтижесінде есірткі тарату туралы ақпарат орналастырылған 447 сайтты бұғаттауға жолданды. Сонымен қатар, заңсыз қаржылық операцияларда пайдаланылған 276 банк картасы бұғатталып, олардың жалпы сомасы 1 117 925 теңгені құрады. Бұл жұмыстар тек құқық қорғау органдарының ғана емес, қоғамның, білім беру ұйымдарының және әрбір азаматтың бірлескен әрекетін талап етеді. Осындай жүйелі профилактика мен ақпараттық жұмыстар арқылы жастарды қауіпті жолдан сақтап, олардың қауіпсіз әрі саналы болашағын қалыптастыруға мүмкіндік бар.