Көлік полицейлері жыл басынан бері мемлекетаралық іздеуде жүрген 28 қылмыскерді ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
2025 жылы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері мемлекетаралық іздеуде жүрген 263 қылмыскерді анықтап, ұстады. Олардың 97-сі алыс та, жақын шетелдердің азаматтары. Бұл туралы Көліктегі ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Ерлан Әлімов хабарлады. Сондай-ақ ол осы жылдың басынан бері 28 қылмыскер ұсталғанын айтты. Олардың 11-і уақытша ұстау изоляторына қамалса, 17-сі іздестіру бастамашыларына берілген. Мемлекетаралық іздеуде жүргендердің басым бөлігі ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар. Қазіргі уақытта барлық ұсталғанға қатысты қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп, оларды заңнамада көзделген тәртіпте іздестіруді бастаған органдарға беру мәселесі қарастырылуда.
Көлік полициясы қылмыскерлерді жасырынған уақыты мен орнына қарамастан анықтауды және ұстауды қамтамасыз ете отырып, жазаның бұлтартпастығы принципін дәйекті түрде жүзеге асыруда.
— Заңнан жалтаруға бағытталған кез келген әрекетке тосқауыл қойылып, кінәлі тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады, — деп түйіндеді сөзін Е.Әлімов.