Алматыда көлік полицейлері мемлекетаралық іздеуде жүрген екі шетелдікті ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері қылмыстық жауапкершіліктен жасырынып жүрген тұлғаларды анықтау және ұстау бойынша жұмыстарын жалғастыруда. "Құқықтық тәртіп" және "Заңсыз мигрант" жедел-профилактикалық іс-шараларын жүргізу барысында Көліктегі ПД қызметкерлері 12 қылмыскерді ұстап, 1 із-түссіз жоғалған адамды анықтады. Айталық, 11 қыркүйекте Алматы қаласында аса ауыр қылмыс жасаған 33 жастағы шетел азаматы ұсталды. Сондай-ақ 15 қыркүйекте 49 жастағы тағы бір шетелдік азамат ұсталды. Ол үш жыл бойы есірткі құралдарын немесе психотроптық заттардың заңсыз айналымға шығарғаны үшін айыпты болып, мемлекетаралық іздеуде жүрген. Көлік полицейлерінің кәсібилігінің арқасында іздеуде болған азаматтардың жүрген жерлері жедел анықталып, олар ұсталды. Қазіргі уақытта екеуі де қамауға алынды.
Іздестіру бастамашысына хабарланып, экстрадициялау мәселесі бойынша жұмыс жүргізілуде. Көліктегі полиция департаменті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін тұлғалардың ел аумағына өтуіне жол бермеу бойынша жұмыстарын жалғастыруда.