Шымкент қаласында өткен Digital Qazaqstan форумында Қаржы министрлігі Электрондық қаржы орталығымен бірлесіп, «е-Қаржымині» жүйесінің «Мемлекеттік қаржының цифрлы картасы» модулінде (МҚЦК) жүзеге асырылған тауарлар айналымына талдау жасау мүмкіндіктерін таныстырды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл бағдарлама еліміздегі тауар айналымының тұтастай сипатын анықтап, өңірлер бөлінісінде қолжетімді аналитиканы қалыптастыруға бағытталған. Озық шешім Қазақстан картасында бөлшек сауда туралы мәліметтерді визуализациялап, оларды ауқымды түрде талдауға мүмкіндік береді.
Жүйе бақылау-кассалық машиналарын, сондай-ақ сауда және әкімшілік-аумақтық бірліктерді қоса алғанда, нысандардың түрлі санатына сәйкес біртұтас аналитиканы қалыптастырады. Бұған қоса түрлі кезеңдердеге байланысты, сондай-ақ тауарлар рейтингін қалыптастыру мен өңірлік ерекшеліктерді анықтауға қатысты талдау да қолжетімді.
Қолданыстағы нұсқада аналитика фискалды чектердің деректері негізінде қалыптасады. Әрмен қарай электронды шот-фактуралар мен тауарларға ілеспе жүкқұжаттарын интеграциялау арқылы деректер көздерін кеңейту көзделген. Бұл талдаудың толықтығы мен ауқымдылығын одан әрі арттыруға жол ашады. Осы ретте Ұлттық каталогтағы тауарлардың бірегей цифрлы кодтарын, яғни NTIN идентификаторларын пайдалану деректерді түпкілікті сәйкестендіріп, салыстыруды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айта кетейік. Биылғы 1 қаңтардан бастап NTIN-ді қолданудың міндеттелгені тауарларды түпкілікті сәйкестендіруді қамтамасыз етіп, тауар айналымын талдаудың салыстырмалы және ашық жүйесін қалыптастыруға септігін тигізді.
МҚЦК-нің функционалы өңірлер, сауда нысандары мен салық төлеушілер арасында салыстырмалы талдау жүргізуге, сондай-ақ сұраныс құрылымы мен тауар ағындарындағы өзгерістерді жедел анықтауға мүмкіндік береді.