Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жамбыл облысы аумағынан Алматы және Астана қалаларына есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырған қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Арнайы құрылған тергеу-жедел тобы полицияның арнайы мақсаттағы бөлімшесінің күштік қолдауымен Жамбыл облысы аумағына іссапармен барып, жедел іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде 42 жастағы есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен ер адам ұсталды. Санкцияланған тінту барысында оның тұрғын үйіндегі жатын бөлмеден, төсек жанындағы тумбадан өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат салынған полиэтилен пакет табылып, тәркіленді.
Сот-сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат гашиш болып шықты. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар медициналық куәландыру нәтижесінде ұсталған адамның есірткі заттарын қолданғаны анықталды.