Алматыда ҚАЖ қызметіндегі арулар марапатталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі күні Алматы қаласы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіндегі қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді.
Мерекелік салтанатта өз қызметтерінде жетістікке жетіп жүрген қыз-келіншектер түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда №72 мекемесінің арнайы есеп бөлімінің бастығы Шынар Құлжанова "Қылмыстық-атқару жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін" медалімен марапатталса, ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасындағы тәрбиелік, әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бас маманы, Шынар Хусайнова Ішкі істер министрінің Алғыс хатына ие болды. Медеу аудандық Пробация бөлімінің аға инспекторы Самал Нұрғалиеваға белгіленген шектен жоғары майор атағы берілді. Сондай-ақ департамент бастығы Е.Ұзақов бірқатар қызметкер қыз-келіншектердің аналарына Алғыс хат тапсырды. Құшақтары көктем гүліне толған аналар мен арулар мерекелік іс-шара соңында әсем ән тыңдап, көңілдерін көтерді.