Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Қостанай облысындағы «Қазсушар» филиалы Жоғарғы Тобыл және Қаратомар су қоймаларында бос сыйымдылық дайындау жұмыстарын жүргізді. Бұл су қоймалары көктемгі су тасқыны кезінде толығады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда су қоймаларындағы жалпы бос сыйымдылық 461 млн текше метрді құрайды. Бұл жобалық көлемнің 33 пайызына тең. Ал болжанып отырған су көлемі 459 млн текше метрге дейін жетуі мүмкін. Атап айтқанда, Жоғарғы Тобыл су қоймасы 70%-ға, ал Қаратомар су қоймасы 63%-ға толған.
Көктемгі су тасқынын қауіпсіз өткізу және гидротехникалық нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында арнайы комиссия құрылып, іс-қимыл жоспары бекітілді. Қостанай филиалы нысандарында кіреберіс жолдар мен аумақтарды қардан тазарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.
«Қажетті инертті материалдар мен жанар-жағармай қоры дайындалды. Су тасқыны кезеңіне 36 техника әзірленді. Олардың қатарында экскаваторлар, бульдозерлер, тиегіштер, тракторлар, автокөліктер, моторлы қайықтар, катерлер және басқа да техника бар. Сонымен қатар Ресей Федерациясының Челябі және Қорған облыстарының су қызметтерімен, «Қазгидрометпен», Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментімен және жергілікті атқарушы органдармен тұрақты түрде ақпарат алмасу жүргізіліп отыр. 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындықты үйлестіру бойынша облыстық жедел штабпен кеңестер өткізіліп жатыр», – деді «Қазсушардың» Қостанай филиалының директоры Мұхтар Жұманов.