Германияның қаржылық астанасы – Майндағы Франкфурт қаласында «Kazakhstan Investment day» инвестициялық форумы өтті. Еліміздің Германиядағы Елшілігінің қолдауымен «Kreditanstalt für Wiederaufbau» Банкі (KfW) және Германия экономикасының шығыс комитеті ұйымдастырған форумға неміс компаниялары, салалық қауымдастықтар, қаржы институттары және банк секторының 200-ден астам өкілі қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өз кезегіне еліміздің индустриялық саясатының басымдықтарын айта келіп, экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ шетелдік инвестицияларды тарту бойынша іске асырылып жатқан шараларды атап өтті. Министр еліміздің германиялық инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға және бірлескен экономикалық және индустриялық жобаларды дәйекті түрде дамытуға дайын екеніне айрықша тоқталды.
«Біз, әсіресе озық технологиялар мен инновациялық даму салаларында Германияның капиталы мен озық технологияларын тартуға ерекше мән береміз. Соңғы 20 жылда Германияның Қазақстан экономикасына тікелей инвестицияларының көлемі 6,5 млрд еуродан асты, бұл ретте салымдардың 90%-ға жуығы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бірлескен жобалар портфелінде 54,3 млрд АҚШ доллары сомасына 43 инвестициялық бастама бар, оның 20-сы сәтті іске асырылып, нәтижесінде 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылды», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Форум аясында «Өнеркәсіп, шикізат, логистика» және «Неміс, еуропалық және қазақстандық инвесторлар үшін қаржыландыру құралдары» тақырыптарында қызу пікірталастар өтті. Қатысушылар бірлескен инвестициялық жобаларды іске асырудың практикалық аспектілерін, өнеркәсіптік және технологиялық кооперация мүмкіндіктерін, екіжақты экономикалық өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларын, сондай-ақ жобалық қаржыландыру мәселелерін талқылады.
Министр жұмыс сапары барысында Қазақстан экономикасының өнеркәсіп, шикізат және технология секторларында жаңа жобаларды іске асыруға мүдделі «Airbus», «Noble Elements GmbH», «D.A.R Metal», «Schachtbau Nordhausen» және «Thyssen Schachtbau» компанияларының басшыларымен екіжақты бірқатар кездесу өткізді. Сондай-ақ германиялық Мемлекеттік хатшы Томас Штеффен, Германия экономикасы шығыс комитетінің басқарушы директоры Михаэль Хармс және KFW басқарма мүшесі Кристиан Лайбахпен келіссөздер жүргізіліп, екі жақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегі талқыланды.
Форум қорытындысы бойынша «KfW IPEX-Bank» және Solidcore Resources plc компаниясы арасында 100 млн АҚШ доллары несие сомасына қаржыландыру жөніндегі ниеттестік туралы келісімге қол қойылды. Келісім автоклавты тотығу технологиясын қолдана отырып, «Ертіс гидрометаллургиялық комбинат» ЖШС құрылысы жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыруға бағытталған.
Форум тараптардың Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.