Ташкентте Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Өзбекстан Республикасы Тау-кен өнеркәсібі және геология министрі Бобир Исламовтың кездесуі өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Келіссөздер барысында тараптар геология, тау-кен өнеркәсібі және өнеркәсіптік даму салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылады. Ерекше назар бірлескен жобаларды іске асыру және екі елдің салалық құрылымдары арасындағы кооперацияны нығайту мәселелеріне аударылды.
Ерсайын Нағаспаев Қазақстан мен Өзбекстанның жер қойнауын пайдалану, тәжірибе алмасу, сондай-ақ пайдалы қазбаларды барлау және өндірудің заманауи технологияларын енгізу бағытында өзара іс-қимылды тереңдетуге зор әлеуеті бар екенін атап өтті.
Қазақстан тарапынан Өзбекстанның Тау-кен өнеркәсібі және геология министрлігінің өкілдері 2026 жылғы 2–3 сәуірде Астана қаласында өтетін «Geoscience & Exploration of Central Asia» халықаралық геологиялық форумына, сондай-ақ 2026 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған жас геологтардың VIII халықаралық далалық олимпиадасына қатысуға шақырылды.
Екі ел әріптестікті одан әрі нығайтуға, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтуге және Орталық Азияның тау-кен өндірісі кешенін тұрақты дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды ілгерілетуге дайын екенін білдірді.