25 ақпан сағат 11:00-де Алматыда «Көктем – 2026» республикалық оқу-жаттығуы аясында халықты құлақтандыру жүйесіне жоспарлы тексеру жүргізіледі. Қала аумағында сиреналар қысқа уақытқа қосылып, теле- және радиоарналар арқылы сынақ хабарламасы таратылады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сабыр сақтауларыңызды сұраймыз. Бұл жоспарлы оқу-жаттығу. «Барлығыңыздың назарыңызға!» дабыл сигналын естіген жағдайда теледидарды немесе радионы қосыңыз немесе ресми интернет-ресурстар мен мобильді қосымшалардағы ақпаратпен танысу қажет.
25-26 ақпанда қалада су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар өтеді. Алматының түрлі аудандарында өзен арналары мен арық жүйелерін тазарту жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта жағдай бақылауда. Қала аумағынан 150 мың текше метрге жуық қар шығарылды, - делінген хабарламада.