Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Түркияның Demed Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және TÜRSAB туристік агенттіктер қауымдастығының басшысы Фируз Баглыкаямен кездесті. Кездесу барысында Алматыда туризмді дамыту және инвестициялық жобалар талқыланды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде Алматы ел экономикасының 22%-дан астамын қалыптастырып, барлық салық түсімінің төрттен бірінен астамын қамтамасыз етіп отыр. Қала 130-дан астам мемлекетпен сауда-экономикалық байланыс орнатқан. Мұнда 115 халықаралық ұйым, оның ішінде БҰҰ-ның 18 агенттігі жұмыс істейді, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің 90%-ы шоғырланған.
Соңғы үш жылда туристер саны 92%-ға өсіп, 1,2 млн-нан 2,3 млн адамға жетті. Оның ішінде 700 мыңға жуығы — шетелдік қонақтар. Маусым қызған кезеңде қонақ үйлердің толу деңгейі 100%-ға дейін жетеді. Бұл сұраныстың жоғары екенін және туристік инфрақұрылымды кеңейту қажеттігін көрсетеді. Түрік тарапы диалогты жалғастыруға және Алматыда нақты жобаларды бірлесіп пысықтауға қызығушылық білдірді.