2024 жылы Алматыға 2,3 миллион турист келген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 14,8%-ға көп. Әсіресе, шетелдік туристер саны 27%-ға өсіп, 686 мың адамға жетті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды тиісті басқарма өкілдерін қабылдап, қаланың туристік әлеуеті туралы есебін тыңдады.Туризм қала экономикасына қомақты үлес қосып келеді. 2024 жылы бұл сала бойынша салық түсімі 90,7 млрд теңгеге жеткен. Бұл алдыңғы жылдан 1,9 есе көп. Туризм саласына тартылған инвестиция 110,9 млрд теңгеге жетті. Алматы CNN мен Booking.com рейтингтерінде үздік туристік бағыттың бірі деп танылды. Шетелдік серіктестермен 156 мәміле жасалып, 2027 жылға дейін 110 мыңнан астам қонақ келеді деп болжанып отыр. Жобаланған экономикалық пайда – 165 млн АҚШ доллары. 2025 жылдың негізгі бағыттары:• Тау және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту; • Іскерлік туризмді кеңейту; • Қонақ үй қорын ұлғайту, - делінген хабарламада.Дархан Сатыбалды Алматыны халықаралық деңгейде дамыту мен туристік инфрақұрылымға инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.