Елордадағы қоғамдық тамақтану нысандарында өткен жылдан бері өрттің алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қабылданып жатқан шаралар туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев, қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Әшімов, Полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қанат Нысантаев мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Спикерлердің айтуынша, қоғамдық тамақтану орындарында өрттің шығуына көбіне электр желілеріндегі қысқа тұйықталу, ас үйдегі сорғыштарда май қалдықтарының уақытылы тазаланбауы, газ баллондарын пайдалану талаптарының бұзылуы және отты абайсыз қолдану себеп болады. Әсіресе донер сататын орындар, тандырханалар, асханалар мен дәмханалар аса қауіпті нысандар саналады.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тапсырмасына сәйкес, ірі және өрт қаупі жоғары сауда нысандарында жоспардан тыс тексерулер жүргізілген. 25 нысанда өрт қауіпсіздігі талаптарының 1056 бұзушылығы анықталып, басшыларға кемшіліктерді жою мерзімі көрсетілген нұсқамалар берілді. Қазіргі уақытта олардың орындалуы бақылауда, ал кейбір фактілер бойынша әкімшілік шаралар қолданылып, материалдар сотқа жолданған.
Сонымен қатар профилактика мақсатында қоғамдық тамақтану орындарында жоспардан тыс 41 тексеру жүргізіліп, өрт сөндірудің бастапқы құралдарының жарамсыздығы, эвакуациялық шығу жолдарының бітелуі, газ баллондарын ғимарат ішінде сақтау, электр сымдарының қауіпсіздік талаптарына сай келмеуі сияқты көптеген заңбұзушылықтар анықталған.
Аудан әкімдіктерімен бірлесіп, сауда үйлері мен ірі сауда орталықтарының аумағындағы фастфуд павильондары, донер және бургер сатылатын орындар да тексерілді. Нәтижесінде 100-ден астам заңбұзушылық тіркеліп, 78 павильон демонтаждалды, алтауы ғимарат қасбетінен қауіпсіз қашықтыққа көшірілді.
«2025 жылдың 27 желтоқсанынан бастап елордада ТЖД, аудан әкімдіктері мен полиция органдарының мамандарынан құралған ведомствоаралық жұмыс тобы жұмыс істеп келеді. Топ 210-нан астам қоғамдық тамақтану нысанында түсіндіру және алдын алу шараларын жүргізуде. Негізгі назар желдету және сорғы жүйелерінің жағдайына, электр жабдықтарының жарамдылығына, пайдалану талаптары мен өртке қарсы арақашықтықтардың сақталуына аударылады», – деді спикерлер.
Сондай-ақ персоналға өрт кезінде әрекет ету алгоритмдері бойынша оқыту жүргізілуде. Барлық іс-шара тек профилактикалық сипатта, жазалау шараларын көздемейді және ықтимал қауіп-қатерлердің алдын ала анықтауға бағытталған. Мақсат – нысандардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру және кәсіпкерлердің өрт қауіпсіздігі талаптарына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру.
Ішкі істер органдары мамандандырылған өрт қадағалау қызметі болмаса да, өрттің алдын алу жұмыстарына белсенді қатысып келеді. Полиция қызметкерлері эвакуациялық шығу жолдарының ашық болуын бақылап, адамдар көп жиналатын нысандарда қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексереді.
Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда полиция уәкілетті азаматтық қорғау органдарына хабарлап, қажет болған кезде әкімшілік шаралар қолданады. Негізгі мақсат – құқықбұзушылықтардың алдын алу және кәсіпкерлердің өрт қауіпсіздігіне жауапты көзқарасын қалыптастыру.
Қолданылып жатқан профилактикалық шаралар кешені өрт санының азаюына, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға бағытталған.