Астанада алғашқы қар жауғаннан бастап қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен түнде қала аумағынан арнайы полигондарға 2 327 ауыр жүк көлігінің рейсімен шамамен 36 735 текше метр қар шығарылды. 16 қаңтар күні таңғы уақыттан бастап қар күреу жұмысына 2 983 жол жұмысшысы мен 1 517 арнайы техника жұмылдырылды.
Қыс мезгілі басталғалы бері жалпы көлемі 2 млн 651 мың 830 текше метрден астам қар 197 847 рейспен тасымалданды. Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылуда. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр. Сонымен қатар, аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) міндетінде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.