Су ресурстары және ирригация министрлігі тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында суару суын беру қызметін көрсететін табиғи монополия субъектілеріне қатысты бірқатар шара қабылдады. Атап айтқанда, бекітілген тарифтік сметаны және инвестициялық бағдарламаны орындамау, сондай-ақ бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы есептерді ұсынбау фактілері анықталды. Нәтижесінде 21 табиғи монополия субъектісіне жалпы сомасы 17,8 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда осы соманың 14,8 млн теңгесі өндіріп алынды. Қалған айыппұлдар бойынша материалдар мәжбүрлеп өндіріп алу үшін сот орындаушыларына жолданды.
Сонымен қатар 11 субъектіге қатысты тарифтік сметалардың орындалуы жөніндегі есептерді және заңнама талаптарына сәйкес тарифтерді бекітуге өтінімдерді ұсынуға міндеттеу туралы 12 талап-арыз берілді. Оның ішінде 6 іс бойынша сот министрліктің пайдасына шешім шығарды, қалған 6 талап-арыз қаралып жатыр.
«Министрлік табиғи монополия субъектілерінің барлық нормативтік талапты орындауын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады. Бұл саладағы заңнаманың негізгі мақсаты мен қағидаты – тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілерінің мүдделерін қорғау және олардың арасындағы тепе-теңдікті сақтау», – деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Тарифтік саясатты реттеу департаментінің директоры Дархан Қаинбердиев.