Талдықорғанда жолдағы тәртіпке бақылау күшейді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Патрульдік полицияның басты мақсаты — жол қозғалысын қамтамасыз ету, азаматтарды жол мәдениетін сақтауға шақыру. Осы бағыттағы іс-шаралар барысында Талдықорғанда бір күннің ішінде полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін бірқатар құқық бұзушылықты анықтады. Атап айтқанда: техникалық талаптарға сай келмейтін көлікті басқару — 4 дерек; қауіпсіздік белдігін тақпау — 2 дерек; маневр жасау ережелерін бұзу — 7 дерек; тоқтау және тұрақ ережелерін бұзу — 11 дерек; жол белгілерін сақтамау — 25 дерек; жарықты қоспай жүру — 12 дерек; жолды белгіленбеген жерден кесіп өту — 14 дерек.
Полицияның айтуынша, бұл шаралардың мақсаты — статистика емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Әрбір құқық бұзушылық — қауіптің белгісі. Сондықтан тәртіп сақшылары хаттама толтырумен қатар, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол ережелерін сақтаудың маңызын еске салды. Кейде елеусіз көрінетін қауіпсіздік белдігі, қосылмаған жарық немесе дұрыс қойылмаған көлік ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Сол себепті полиция мұндай "ұсақ" тәртіп бұзушылықтарға да ерекше назар аударады. Жолдағы қауіпсіздік әр адамның жауапкершілігінен басталады. Патрульдік полицияның негізгі мақсаты — жолды қауіп көзі емес, өзара құрмет пен қауіпсіздік аймағына айналдыру.