Павлодарда полицейлер әлеуметтік желілер арқылы жол ережесмін бұзғандарды анықтап жатыр, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар облысында жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында полицейлер көлік жүргізушілерінің құқық бұзушылықтарын әлеуметтік желілер арқылы анықтауға ерекше назар аударып келеді. Бұл бағыттағы күнделікті мониторинг — жолдағы тәртіп пен жауапкершілікті арттырудың тиімді құралына айналды. Жақында әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада Mercedes автокөлінің жүргізушісінің Естай көшесінде бағдаршамның тыйым салу сигналына қарамастан жолға шығып кеткені және маневр жасау ережелерін өрескел бұзғаны бейнеленген. Аталған дерек бойынша полицейлер дереу әкімшілік материалдар толтырып, тиісті шаралар қабылдады. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, кейбір жүргізушілер жол ережесін білмеуінен емес, жауапсыздық танытып, өздерін заңнан тыс қояды. Мұндай әрекеттер тек олардың өз өміріне ғана емес, басқа да жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Полиция барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және қауіпсіздік талаптарына немқұрайды қарамауға шақырады. Жылдамдық шектеуін сақтау, көлік құралдары арасындағы қауіпсіз қашықтықты ұстану, кенеттен маневрлерден бас тарту — жол-көлік оқиғаларының алдын алудың басты кепілі. "Заң және тәртіп" қағидаты — ішкі істер органдары жұмысының өзегі. Құқық бұзушылық жасаған әрбір азамат міндетті түрде заң жүзінде жауап береді.