Былтыр елімізде 7 мыңнан астам есірткі құқық бұзушылығының жолы кесілді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 7 мыңнан астам есірткіге қатысты құқық бұзушылық әшкереленді. Оның ішінде трансұлттық сипаттағы 15 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылып, 130-дан астам өңіраралық жеткізу арнасының жолы кесілді. Заңсыз айналымнан 31 тоннадан астам есірткі заты тәркіленді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп. Аталған көлем 12 миллионнан астам бір реттік дозаға тең, яғни бұл есірткілер заңсыз айналымға түспеген.
Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің алғашқы бір жылдық жұмысының қорытындысын шығарды. 2024 жылдың қыркүйегінде құрылған жауапты орган заманауи, цифрлық жұмыс әдістеріне көшуге негіз болды. Бұл өз кезегінде жасырын және интернет арқылы жасалатын қылмыстарды анықтау деңгейін едәуір арттырды. 2025 жылы елімізде есірткі қылмысына қарсы іс-қимылдың жаңа жүйесі қалыптасты. Комитет құрылымында киберкеңістікке, халықаралық ынтымақтастыққа және қоғаммен профилактикалық жұмысқа бағытталған мамандандырылған бөлімшелер жұмысын бастады. Қызметке жедел қызметкерлермен қатар IT-мамандар, сондай-ақ медицина және білім беру саласының сарапшылары тартылды. Ірі интернет-платформалармен тікелей өзара іс-қимыл жолға қойылды.
Жыл қорытындысы бойынша 7 мыңнан астам есірткі құқық бұзушылығының жолы кесілді. Трансұлттық сипаттағы 15 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылып, 130-дан астам өңіраралық жеткізу арнасы анықталды. Заңсыз айналымнан 31 тоннадан астам есірткі заты тәркіленді. Бұл — 12 миллионнан астам бір реттік доза. Нәтижесінде мыңдаған отбасы қайғылы жағдайға тап болудан, ал миллиондаған адам тәуелділіктен аман қалды. Сонымен қатар ірі өнеркәсіптік нысандарды қоса алғанда, жүзден астам жасырын есірткі зертханасы жойылды. Есірткі қылмысына қарсы күресте дрондардың да көмегі тиді. Дрондар қолжетімсіз аймақтарда заңсыз егістіктерді анықтау үшін, сондай-ақ қалаларда заманауи сенсорлар арқылы жасырын зертханаларды бақылау және әшкерелеу мақсатында кеңінен пайдаланылды. Жыл басынан бастап елде прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Бұл синтетикалық есірткі өндірісін ертерек тоқтатуға және қоғам қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.