Алматы облысы жаңа технологиялық экономиканы қалыптастыру жолында нық қадам жасауда. Халықаралық «Alatau Invest 2025» бизнес-форумы аясында облыстың Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен дисплей технологиялары нарығындағы әлемдік көшбасшы BOE Technology Group Co., Ltd. арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл құжат өңірде жаңа буындағы LED-дисплейлер мен компоненттер өндіретін заманауи зауытты іске қосуға жол ашады.Жобаны Алатау қаласында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Алатау – цифрлық хаб ретінде дамып келе жатқан, инновациялық өндірістер шоғырланатын заманауи қала. Қолайлы географиялық орналасуы, дамыған инфрақұрылымы және «ақылды қала» тұжырымдамасы оны жоғары технологиялық өнеркәсіптік кластер орналастыруға ең тиімді алаңдардың біріне айналдырады.
BOE өндірісінің ашылуы Алатаудың инновациялар, технологиялық компаниялар және ғылыми-зерттеу жобалары тоғысатын орталыққа айналу үдерісінің заңды жалғасы болмақ. Әлемдік деңгейдегі зауыттың дәл Алатауда орналасуы облыстың жаңа индустриалды экожүйесін қалыптастырудағы маңызды қадамға айналады. Қазіргі заманғы логистика, инженерлік желілер, көліктік қолжетімділік және білікті кадрлардың болуы жобаны жедел іске қосуға және оған қатысты салалардың дамуына мүмкіндік береді.
Алматы облысының Өңірлік даму орталығының директоры Акжол Исақов жобаның аймақ пен Алатау үшін маңыздылығын атап өтті:
Алматы облысы еліміздегі ең инвестициялық тартымды өңірлердің бірі ретінде өз позициясын нығайта түсуде. BOE компаниясының жобасы заманауи Алатау қаласының әлемдік технологияларды қабылдайтын және өңірді жаһандық инновациялық тізбектерге қосатын маңызды орталыққа айналып келе жатқанын дәлелдейді.