Бүгін Бухарестте "Қазақстан" атты саябақ ашылды, ал Нұр-Сұлтанда румын ақыны Михай Эминескудың бюсті орнатылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Өткен жылы Есіл ауданының әкімдігі мен Бухаресттің №1 ауданының мэриясы мәдени ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Румын жағы Бухаресттің орталығындағы гүлзарды Қазақстан астанасының құрметіне атап, онда Абай Құнанбаевтың бюстін орнатты. Іс-шара қазақ әдебиетінің негізін қалаушының 175 жылдығына орайластырылды. Өз кезегінде, Қазақстан билігі "Зеленый квартал" ТК ауданындағы скверге "Бухарест" атауын берді.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Румынияның Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мадалина Лупу, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен елордалық зиялы қауым өкілдері қатысты.
"Біз үшін Абай шығармашылығы қаншалықты құнды болса, румындар үшін Михай Эминеску шығармашылығы да сондай маңызды деуге болады. Олардың екеуі де заманауи поэтикалық мәдениеттің негізін қалаушылар және ұлттық мәдени қайта өрлеу дәуірінің шабыттандырушылары. Бүгінгі іс-шара екі ел арасындағы мәдени байланыстарды дамытудың жарқын үлгісі болып табылады. Атап айтқанда, біз Румыниямен туризм және мәдениет саласындағы келісімге қол қойдық, спорт саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама қол қою сатысында", - деп хабарлады Ақтоты Райымқұлова.
Өз кезегінде Мадалина Лупу бұл тек Румыния мен Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.
"Орталық Азия өңірінде румынның ұлттық ақынының сквері мен бюсті бар Қазақстаннан басқа бірде-бір ел жоқ. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Румыния алғашқы елдердің қатарында ҚР егемендігін мойындады. Қазақстан-Румынияның Орталық Азиядағы негізгі әріптестерінің бірі. Қазақстан астанасында Эминеску бюстінің ашылуы - біздің халықтарымыздың бір-бірін жақсы танып, дипломатиялық қарым-қатынастардың жаңа деңгейге көтерілуіне жақсы серпін береді", - деп атап өтті Мадалина Лупу.
Іс-шараның ресми бөлігі аяқталғаннан кейін спикерлер мемлекетаралық қатынастардың ұзақ мерзімділігі мен өркендеуінің белгісі ретінде қарағай мен сирень бұталарын отырғызды.
"Бүгін біз Қазақстан мен Румыния арасындағы достық қарым-қатынастардың жаңа кезеңіне куә болдық. Атап айтқанда, алғаш рет Нұр-Сұлтан мен Бухарест арасындағы қарым — қатынасты аудандық деңгейде нығайтамыз, мәдениет, білім, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар жасаймыз", - деді Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов.