Қазақстан бойынша ауыл балаларының басын қосқан «IQanat 2025» Олимпиадасының І туры аяқталды. Биыл бұл кезеңге оқушылардың рекордты саны тіркелген. Еліміздің 170 ауданы мен 3 300 ауылынан 64 мыңнан астам сегізінші сынып оқушысы қатысты. Оның 18 мыңнан астамы Түркістан облысының оқушылары, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соның бірі Түркістан облысы Шолаққорған ауылындағы ағайынды Сұлтанмұраттар отбасы. Ағайындылардың кішісі Қазыбек Сұлтанмұрат Ы.Алтынсарин атындағы ауыл мектебінің 8-сыныбында оқиды. Ол биыл Олимпиадаға қатысып жатыр. Білім сайысына ағасына еліктеп қосылып, оның ізін басуды ұйғарған. Ағасы Жақсылық Сұлтанмұрат өткен жылы Олимпиаданың үш турынан да сәтті өтіп, топ-100 жеңімпаздың қатарына ілінген. Бурабайдағы «IQanat» мектеп-пансионатына грант жеңіп алған. Қазір ол үздік халықаралық бағдарламалар бойынша 10-сыныпта білім алып жатыр. Бұл – отбасы үшін үлкен көмек, өйткені, балалардың мектептегі оқу, жатын және өзге де шығындарын «IQanat» жобасының қамқоршысы болған кәсіпкерлер өз мойнына алады.
Олимпиаданың үш турынан да сәтті өткен жеңімпаздар меценаттардың есебінен Бурабайдағы «IQanat» мектеп-пансионатында тегін оқи алады немесе олимпиададан кейінгі 3 жылдық сүйемелдеу бағдарламасына қабылданады. Онда балаларды ҰБТ және халықаралық емтихандарға дайындайды. Атап айтқанда, ағылшын тілін тереңдетіп оқытып, ІТ, кәсіпкерлік және заманауи «soft skills» дағдыларын дамытады. Мұның бәрі жақсы жоғары оқу орнына түсуге дайындалуға көмектеседі. Бүгінде «IQanat» – ауыл балаларының өз әлеуетін ашып, дамытуына көмектесетін 240 кәсіпкердің қауымдастығы. Жобаның арқасында «IQanat» түлектерінің 94%-ы Қазақстан мен шетелдің үздік жоғары оқу орындарына грант негізінде түсіп, бүгінде әлемнің 19 елінде білім алып жатыр.