Бүгін Шымкенттегі «Достық үйінде» этнос балалары арасында қазақ тілін ілгерілетуге арналған «Мың жүйрік» байқауы қорытындыланды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл төртінші рет ұйымдастырылған республикалық байқауда 600-ден астам үміткер бақ сынап, мемлекеттік тілді еркін меңгергенін жұртшылыққа паш етті.Марапаттау рәсімінде Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нұркен Әлімқұлов мемлекеттік тілді дәріптеуді көздеген байқаудың мақсат-міндетіне айрықша тоқталды.
– Мемлекеттік тілді білу – баршаға міндет. Тілдің маңызын арттырып қана қоймай, оны өскелең ұрпақ бойына дарыту бізге жүктелген парыз.
Биыл «Мың жүйрік» ағартушылық байқауы төртінші рет өткізіліп отыр. Жобаға қызығушылар саны жылдан-жылға саны артып келеді. Мәселен, 2021 жылы байқауда жүзге жуық жасөспірім бақ сынаса, биыл байқауға қатысуға ниет білдіргендер саны 600-ден асып отыр. Бұл – осынша баланың қазақ ертегілерін тыңдап, мақал-мәтелін, өлеңін оқуға деген ықылас-ынтасы жоғары екенін білдіреді, – деді Нұркен Құрманұлы.
12 қараша мен 4 желтоқсан аралығында байқауға онлайн форматта келіп түскен жұмыстарды сараптаған қазылар алқасы кіл мықтыларды іздеп, жүзден жүйрік шыққандарды анықтады. Қазылар алқасының шешімімен:
Карина Ефремова (жетекшісі А.Сайтмұратова) Жамбыл облысы Жуалы ауданы «Нұрлы ұрпақ» балалар бақшасының тәрбиеленушісі;
Одина Мұратбекова (жетекшісі Г.Тілеуберлина) Түркістан облысы Төлеби ауданы Зағамбар ауылы 6-сынып оқушысы;
Зейнеп Орынбасарова (жетекшісі Ш.Эргешова) Түркістан облысы Кентау қаласы Ө.Жәнібеков атындағы көпсалалы мектеп-гимназияның 3-сынып оқушысы;
Азизбек Иззатуллаев (жетекшісі М.Ибрагимова) Түркістан облысы Сайрам ауданы №75 негізгі орта мектептің 4-сынып оқушысы;
Алина Кузыченко (жетекшісі А.Мукамжарова) Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласы;
Глеб Матлашов (жетекшісі Р.Молдакулова) Талдықорған қаласы Ш.Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы;
Диас Кусанбай (жетекшісі Г.Тюляпова) Жамбыл облысы Меркі ауданы
№18 А.Қосанұлы атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің 6-сынып оқушысы;
Муслим Узденов (жетекшісі Ж.Худжанова) Ақмола облысы Ерейментау ауданы Өлеңті ауылы жалпы орта білім беретін мектебінің 6- сынып оқушысы;
Назминахан Рустемова (жетекшісі Г.Маймакова) Шымкент қаласы Ұлықбек атындағы №3 жалпы орта білім беретін мектебінің 5-сынып оқушысы;
Вера Салахова (жетекшісі Н.Оспанова) Түркістан облысы Арыс қаласы В.Комаров атындағы №8 жалпы білім беретін мектептің 5-сынып оқушысы жеңімпаз деп танылып, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, «Мың жүйрік» ағартушылық байқауы мемлекеттік тілді этнос балалары арасында дәріптеу мақсатында Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен соңғы төрт жылда тұрақты түрде өткізіліп келеді.