Іздестіру бөлімшесі қызметкерлері профилактикалық іс-шара барысында әкімшілік айыппұлдары бойынша ірі қарыздары бар үш автокөліктің иелері анықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жолдағы тексеріс кезінде Hyundai, Lexus, Toyota автокөліктері анықталды. Бұл көліктер бойынша төленбеген айыппұлдардың жалпы сомасы 3,7 миллион теңгеден асты. Барлық көлік қарыз толық өтелгенге дейін арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Алматы қаласы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, мұндай рейдтердің тиімділігі бейнебақылау жүйелері мен интеллектуалды тіркеу кешендерінің дамуына тікелей байланысты.
Полиция әкімшілік айыппұлдарды уақтылы төлеу – әр жүргізушінің заңды міндеті екенін еске салады. Қарыздың бар-жоғын онлайн түрде eGov және екінші деңгейлі банктердің сервистері арқылы тексеруге болады.