Астана қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Беларусь Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Николай Снопковтың тең төрағалығымен Қазақстан-Беларусь арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның XIX отырысы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасты, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация, көлік, қаржы, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, құрылыс, мәдениет, туризм, білім беру және ғылым салаларындағы мәселелерді талқылады.
Өз сөзінде Роман Скляр қазіргі кезеңде екіжақты қарым-қатынас ынтымақтастықтың барлық салаларында сепінді дамумен ерекшеленетінін айтты. Сондай-ақ ең жоғарғы және жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер, үкімет басшылары мен министрліктердің бір-біріне сапарлармен баруы өзара түсіністікті нығайтуға және конструктивті серіктестікті қалыптастыруға үлкен септігін тигізуде екенін ерекше атап өтті.
Роман Скляр іс жүзіндегі әріптестік мәселелеріне баса назар аудартып, оның одан әрі тереңдеуіне Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының Премьер-министрлері мақұлдаған 2025–2029 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту бағдарламасына (Жол картасына) 2024 жылдың қараша айында қол қойылуы маңызды серпін болғанын жеткізді.
Өз кезегінде Николай Снопков Қазақстан мен Беларусь арасында жоғары деңгейде өзара түсіністік орныққанын атап өтіп, осы кездесудің қорытындылары стратегиялық серіктестікті дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша Үкіметаралық комиссияның XIX отырысының Хаттамасына қол қойылды. Тараптар Қазақстан-Беларусь арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның келесі ХХ отырысын 2026 жылы Минск қаласында өткізетін болып келісті.