Халық батыры Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 101 жыл және Жеңіс туын көкке көтергеніне 80 жыл толуына орай елордадағы Р.Қошқарбаев атындағы №44 орта мектебінде салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мектеп ұжымы ұйымдастырған мерекелік іс-шара Сарайшық ауданы ардагерлер кеңесінің мүшелері мен белсенді тұрғындар және әскери киімдегі 101 оқушының келген қонақтарды тік тұрып қарсы алуымен басталды. Жиынға «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесі төрағасының орынбасары, генерал-майор Марат Нұғұманов, қалалық ардагерлер кеңесінің орынбасары Мұрат Іргебаев, Сарайшық ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Азат Баужанов, Рақымжан Қошқарбаевтың ағасының қызы Маржан Нұрмағанбетова және келіні Қалам Темірова қатысып, батырдың ерлігін ұлықтады.Алдымен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев құттықтау сөз сөйледі.
“Былтыр батыр бабамыздың жүз жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында бас қосып, осы мектепке ұлы тұлғаның есімін берген едік. Қос батырды ажыратуға болмайды. Кеңес одағының батыры, Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың бір ғасырлық мерейтойына арнап өткен жылы бірқатар іс-шаралар өткізілді. Өздеріңізге мәлім, Нұрмағамбетов ақсақалдың елінде арка ашылды, мұражайымен бірге мүсіні бой көтерді.Біздің әр қадамымыз - осы кіслердің батырлығына тағзым. 80 жыл бұрын жауынгерлер Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Берлиндегі Рейхстагқа қызыл ту тікті. Олардың әрекеті ерлік мен жанқиярлықтың, Отанға деген сүйіспеншілік пен махаббаттың шынайы көрінісі еді. Рейхстагқа ту тіккен біздің батыр бабамыз тек қана соғыс батыры емес, ол шынайы патриотизм, қайсарлық пен жасампаздықтың символы. Бүгін біз Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігінің алдында бас иеміз.Халық Қаһарманы атындағы мектептің оқушылары ретінде бұл сіздер үшін де ерекше мақтаныш пен рухтандырудың қайнар көзі болуы тиіс. Әрқайсыңыз батырдың тірі естелігінің мұрагерісіздер. Жеңіс туы - халқымыздың қайсарлығы мен бірлігінің символы. Тарих бізбен бірге жасалады. Сіздер сол тарихтың жалғасысыздар. Сондықтан істеріңіз, армандарыңыз және білімдеріңіз күшті, бейбіт және тәуелсіз елдің дамуына қосқан үлестеріңіз зор болсын, - деді әділет полковнигі.
Одан әрі ерлікке құрмет ретінде мектептің алдындағы тақтайшаға гүл шоқтары қойылды және батырды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланды. Мереке барысында Ұлттық Әскери-патриоттық орталығы ансамблінің солисттері ән шырқап, Аманжол Унисбаев жетекшілік ететін «Батырлар» клубының мүшелері өз өнерлерін ортаға салды.
скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно