Астанада «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарының қатысуымен полигондық жиын салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жиын Астанадағы №68665 әскери бөлімінің базасында басталды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері, Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшылығы, сондай-ақ әскери бөлім командирлері мен «Жас сарбаз» қозғалысының өкілдері қатысты. Іріктеу бірнеше күнге жалғасады. Нәтижесінде Астананың атынан Ақтөбе қаласында өтетін XI Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысатын өкілдер таңдалып алынады.
Іс-шара барысында ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, генерал-майор Марат Нағыманов, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев және республикалық «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы Мейірбек Мендіғалиев қатысушыларға ақжол тілеп, сөз сөйледі.Ресми бөлім концерттік бағдарламамен жалғасты. Жиналғандарға ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әншілері мен оркестрі, қазақ эстрадасының жұлдызы Ибрагим Ескендір, Құрметті қарауыл ротасы және «Жас сарбаз» студиясының әртістері өнер көрсетті.Іс-шара соңында қатысушылар әскери техниканың көрмесін тамашалап, әскери бөліммен танысу экскурсиясына қатысты.